Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының 40-жылдығына орай 2-курс білім алушыларының теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын пысықтап, білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «SMART BATTLE» шығармашылық-интеллектуалдық сайысы өтті. Сайыс 4 кезеңде жүзеге асырылды: «Интеллект - даналыққа бастар жол» - «Креатив - шексіз мүмкіндіктер кілті» - «Эмоция - жүрек пен ақыл көпірі» - «Мәдениеттің мәйегі- құндылықтар».Сайыста «Жалын» мен «Өнегелі ұрпақ» атты екі топ бәсекеге түсті. Байқау кезеңдеріне сәйкес қатысушылардың білім деңгейін анықтау үшін сұрақтарға жауап берілді, білім беру үдерісін оңтайландыру үшін болашақта іске асырылатын инновациялық жобалар ұсынылып, қорғалды, актерлік және педагогикалық шеберліктерін көрсете отырып түрлі эмоционалды жағдайда өлеңдер оқылды, білім беру және тәрбие құндылықтары сипатталған бейнероликтерді тамашалап олардың мазмұны талқыланды. Сайыс тартысты әрі қызыққа толы өтті. Қатысушылар әрбір кезеңде өздерінің жаңа қырларымен танылып, топтық ұйымшылдықтарымен, бәсекеге қабілетті екендіктерін көрсете білді. «Жалын» тобы табандылықтарымен қарсыластарын басып озып, бас жүлдені жеңіп алды. Шара соңында жеңімпаздар лайықты марапаттарға ие болды, әр сайыста белсенділік танытқандары үшін әрбір қатысушының даралығы ескеріліп номинация бойынша сертификаттар пен ұйымдастырушыларға алғыс хаттар табысталды. Шараны ұйымдастырушылар: Асетова Ж.Б., Бейсенбаева А.М., Айдарбекова К.А.