ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ӘУЕЗДІ ӘНМЕН ӘРЛЕНГЕН ӘДЕМІ КЕШ

Студенттер сарайының төрінде Студенттік кеңес белсенділері ұйымының «Жұлдыздай жарқыра» атты гала концерті өтті. Бөкетов университетінің Студенттер үйінен құралған белсенділер ұйымына бүгінде 2 жылдан асты. Студенттік кеңес белсенділері осы екі жыл ішінде біршама жетістікке жетіп, көптеген жобаны жүзеге асырып үлгерді. 12 факультеттің жастарын бауырына басқан ұйымның құрамында қазіргі таңда 200-ден астам студент бар. Концерттік бағдарламаны тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды. Жанды дауыста ән шырқаған күміс көмей, жез таңдай өнерлі жастарымыз көтеріңікі көңіл-күй сыйлап, мерейлі кештің көркін қыздыра түсті. Мерекелік кеш барысында лотерея билеттері таратылып, түрлі сыйлықтар ойнатылды. Мысалы, смузиге арналған блендер, құлаққап, сымсыз қуаттағыш, волейбол ойынына арналған доп, спорттық сағат, шаш кептіргіш құрал сыйға тартылды. Студенттер үйіндегі студенттік өмір – дос-құрбымен әзіл-қалжың жарастырып, махаббат бекетіне де тұрақтап, шуақты кездердің жаршысы болатын шақ. Өнер деген асылды бойына жия білген ұл-қыздар дүйім жұртты тәнті етті. Кеш соңында бір үйдің баласы атанған жас өрендер студенттік өмір туралы ән шырқап, әуезді кешті әдемі тәмамдады.