ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ЕЛ ТАРИХЫНДА ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРҒАН ТҰЛҒАЛАР

Университеттің бас оқу ғимараты ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың көркем бейнелерімен толығып, бүгін сол бейнелердің таныстырылымы өтті. Рухани мазмұны терең бұл игі бастама білім ордасының ішкі болмысын асқақтатып қана қоймай, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулу үшін бағытталған тағылымды жоба ретінде айрықша мәнге ие. Таныстырылымға университет ректоры Н.О. Дулатбеков, Филология және тарих факультеттерінің декандары мен профессор-оқытушылар құрамы, «Балауса» студент-жастардың шығармашылық орталығы және «Жас Алаш» зерттеу клубының белсенді жастары қатысып, рухани мазмұнға толы тағылымды басқосудың куәсі болды. Университет ректоры Н.О. Дулатбеков бейнелері ұсынылған әрбір тұлғаның ел тарихындағы айрықша орнын, мемлекет пен ұлт алдындағы өлшеусіз еңбегін терең толғаумен баяндады. Ұлы тұлғалардың өмір жолы — қайсарлық пен парасаттың, елдік пен ерліктің өнегелі үлгісі екенін атап өтіп, бүгінгі жастар үшін мұндай рухани сабақтастықтың маңызына ерекше тоқталды. Салтанатты шара тізгінін ұстаған Азамат Алдашұлы Дүйсенбаев жобаның мән-маңызын тарқатып, оның университет өміріндегі айрықша орнын жеткізді. Бас оқу ғимараты қабырғасына ілінген бұл бейнелер университет кеңістігін тек көркемдік тұрғыдан ғана емес, мазмұндық жағынан да байытып, жас буынды биік мақсаттарға жетелеп, білім мен парасаттың, елге адал қызмет етудің шынайы құнын терең сезіндіретін өнегелі үлгі болары сөзсіз.