ЭКОЖҮЙЕНІ ТӘЖІРИБЕЛІК СЫНАҚТАН ӨТКІЗУ
28 қаңтар күні академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен « ПКР Кең дала» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттың қабылдануы экология бағыты бойынша білім алып жатқан студенттерге арналған Ақпараттық экологиялық жүйені пилоттық режимде сынақтан өткізудің басталуын білдіреді.Аталған ынтымақтастық білім беру үдерісіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға және экология саласындағы болашақ мамандарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған. Жоба аясында білім алушылар экологиялық мониторинг жүргізу, деректерді талдау және басқарушылық шешімдер қабылдау бағытында тәжірибелер жинақтайды.Оқу үдерісіне енгізілетін «СФЕРА» ақпараттық экологиялық жүйесі қоршаған орта жағдайын бақылау мен экологиялық үдерістерді басқарудың тиімділігін арттырып, студенттердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жүйе теориялық білім мен практикалық тәжірибенің өзара сабақтастығын күшейтеді.Меморандумның негізгі мақсаты – экология саласындағы ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту, табиғатты қорғау қызметін цифрландыруды жетілдіру және Қазақстан Республикасында атмосфералық ауаның ластануын есептеу әдістемелерін жетілдіруге бағытталған ұзақ мерзімді серіктестікті қалыптастыру.Бұл әріптестік университеттің оқу және ғылыми-зерттеу қызметіне озық цифрлық технологияларды ықпалдастыруға, сондай-ақ экология саласында білікті, заманауи талаптарға сай мамандар даярлауда аса қажет.
