ҒЫЛЫМИ ЖАРИЯЛАНЫМ ҮШІН УНИВЕРСИТЕТ 1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙДІ
Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде ғылыми кеңестің отырысында университет тарихындағы айрықша мәнге ие, стратегиялық тұрғыдан маңызды шешім қабылданды. Енді университет ғалымдары жоғары рейтингті ғылыми журналдарда жарық көрген мақалалары үшін 1 000 000 теңгеге дейін сыйақы ала алады. Қабылданған Ереже Web of Science пен Scopus дерекқорларында индекстелетін беделді басылымдарда жарияланатын еңбектерді жүйелі түрде ынталандыруға бағытталған. Сыйақы университеттің штаттық профессор-оқытушылар құрамына және ғылыми қызметкерлеріне қарастырылған. Мақалада міндетті түрде университет аффилиациясы көрсетілуі тиіс. Қандай жарияланымдар есепке алынады? тұпнұсқа ғылыми мақалалар (Article, Review); Web of Science Core Collection немесе Scopus базаларында индекстелген журналдар; Web of Science бойынша Q1 немесе Q2 квартилі, не Scopus бойынша 75-тен жоғары процентиль; Конференция материалдары, редакциялық мақалалар, пікірлер, хаттар мен басылымға дейінгі ғылыми қолжазбалар ынталандыруға жатпайды. Сыйақы мөлшері авторлық үлеске қарай белгіленеді: бірінші автор және/немесе хат-хабарға жауапты автор — 100%-ға дейін; екінші автор — 70%-ға дейін; үшінші — 60%-ға дейін; төртінші — 50%-ға дейін; бесінші және одан кейінгі авторлар — 30%-ға дейін. Бұл — ғылыми жауапкершілікті күшейтетін, сапалы зерттеуге жол ашатын, жас ғалымға жігер беретін бірегей бастама.