БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНА ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ЕНГІЗУ
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті жас ғалымдарды қолдауды басты бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Университет олардың ғылыми әлеуетін дамытуға қолайлы жағдай жасап, ішкі гранттар арқылы зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруына кең мүмкіндік береді. 2021 жылдан бері университетте жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу еңбектерін қолдауға арналған «Ғылымдағы жаңа есім» атты ішкі грант байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Аталған байқау қоғамдық маңызы жоғары, ғылыми жаңалығы мен өзектілігі айқын, инновациялық бағыттағы перспективалы зерттеулерді дамытуға бағытталған. 2026 жылы байқау аясында 12 ғылыми жоба ұсынылды. 10 ақпан күні Технопарк ғимаратында университеттің Жас ғалымдар кеңесінің отырысы өтіп, онда ұсынылған жобалар тыңдалып, жан-жақты талқыланды. Үздік ғылыми жұмыстарды іріктеу барысында университеттің білім беру және ғылыми қызметіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізуге бағытталған жобаларға басымдық беріледі.