ФРАНЦИЯЛЫҚ АНТРОПОЛОГ АРХЕОЛОГ СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАП ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТКІЗУДЕ
Бөкетов ұлттық зерттеу университеті Сарыарқа археологиялық институтының ұйымдастыруымен тарих факультетінің археология мамандығында білім алып жатқан студенттерге арналған практикалық семинар өтуде. 10–13 наурыз аралығында ұйымдастырылған ғылыми іс-шара болашақ археологтардың кәсіби білімін тереңдетуге бағытталған. Семинар «Археологиялық контекстегі адам сүйектері: жерлеу ескерткіштерін зерттеудегі физикалық антропологияның рөлі» тақырыбына арналған.Ғылыми басқосуға Франциядан арнайы келген антрополог, EVEHA International компаниясының өкілі Элоди Лассаль қатысып, студенттермен тәжірибесімен бөлісуде. Шетелдік маман биоархеологиялық зерттеу әдістері мен археологиялық деректерді ғылыми тұрғыда талдаудың заманауи тәсілдері туралы кеңінен баяндады. Бағдарлама аясында қатысушылар жерлеу ескерткіштерін зерттеудің ғылыми негіздерімен танысып, адамның анатомиясы мен остеологиясы жөніндегі теориялық білімдерін толықтыруда. Сондай-ақ сүйек қалдықтары арқылы адамның жынысы мен жасын анықтау әдістері, тафономиялық үдерістер, ежелгі жерлеу дәстүрлері мен олардың мәдени ерекшеліктері де жан-жақты қарастырылуда. Осындай тәжірибелік сабақтар студенттердің ғылыми көзқарасын қалыптастырып, археология мен физикалық антропология саласындағы білімін кеңейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар бұл шара халықаралық ғылыми-академиялық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
