ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЮ РӘСІМІ ӨТТІ

2025 жылғы 25 сәуір күні Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректорат конференц-залында университет пен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюдың салтанатты рәсімі өтті.Аталған шара — академик Е. А. Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған маңызды бастамалардың бірі ретінде ғылыми-мәдени байланысты нығайту жолындағы елеулі қадам. Меморандумға қол қою — көрнекті ғалымның ғылыми мұрасын кеңінен насихаттап, тарих, мәдениет және білім беру салаларында серіктестікті дамытуға бағытталған игі бастама ретінде қабылданды.Салтанатты рәсімде университеттің Басқарма Төрағасы — Ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков құттықтау сөз сөйлеп, бұл серіктестік аясында бірлескен ғылыми жобаларды, білім беру бастамаларын және мәдени бағдарламаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашылатынын атап өтті.Шараның ерекше символдық мәні — Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ержан Нұрланұлы Нұрмағамбетовтың университетіміздің түлегі екендігінде. Оның туған оқу ордасына серіктес ретінде оралуы — оқу орны мен оның түлектері арасындағы рухани сабақтастықты, ұрпақтар арасындағы байланысты және өзара қолдаудың жарқын көрінісін айқын аңғартты.Сондай-ақ университет тарихы музейінің директоры Қарлығаш Айтбайқызы Тұрсынбаева университеттегі музейлердің тарихи жады мен ғылыми мәдениетті қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Ол өз сөзінде музейлердің тек жәдігерлер сақтайтын орын емес, сонымен қатар өткенді қазіргі студент пен зерттеушінің зияткерлік әрі құндылықтық тәжірибесіне айналдыратын тірі кеңістік екенін атап өтті. Жаңа серіктестіктің маңыздылығын айта келе, бұл меморандум білім мен ғылымдағы музейлік практиканы интеграциялауға серпін беретініне сенім білдірді.Соңында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Салават Қамшыбайұлы Кентбек сөз сөйлеп, меморандумның гуманитарлық ренессанс жағдайындағы мәніне тоқталды. Ол университетті — интеллектуалдық алаң, ал музейді — жады сақтаушы мекеме ретінде сипаттап, олардың өзара бірлігі тарихты ұғынуға, қоғам мен уақыт арасындағы диалог орнатуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыратынын айтты. Дәл осындай тоғысу нүктелерінде ұрпақ, ғылым салалары мен мәдени тәжірибелер бірігіп, жаңа мәндер мен идеялар дүниеге келетініне назар аударды.