ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

Eurasian Silver Forum: күміс университеттерінің жаңа көкжиектері

15 қыркүйекте Астанада аға буын азаматтарының білім алуына және күміс университеттер қозғалысын дамытуға арналған маңызды шара өтті. Форум үздіксіз білім берудің өзекті мәселелерін талқылау, тәжірибе алмасу және бірлескен стратегияларды әзірлеу үшін еліміздің және шетелдің сарапшылары мен жоғары оқу орындарының өкілдерін біріктірді. Кездесудің негізгі мақсаты – университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, үшінші жасқа арналған білім беру бастамаларын қолдау, сондай-ақ Қазақстан Күміс университеттер қауымдастығын (КАСУ) халықаралық деңгейде ілгерілету.Форум жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Халықаралық Үшінші жас университеттері қауымдастығының (AIUTA) президенті, Тулуза университетінің профессоры Франсуа Веллас, AIUTA басқарма мүшесі, Братислава Экономикалық университетінің профессоры Янка Себера Хладецка, сондай-ақ Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.Министр Саясат Нұрбек «Eurasian Silver Forum белсенді ұзақ өмір сүру және аға буынға арналған білім беру мәселелерін талқылаудың маңызды алаңы болатындығын, бүгінде 50+ жастағы білім беру – бұл тек жеке және кәсіби әлеуетті дамыту ғана емес, сонымен бірге өмір сапасын сақтап, қоғамда сұранысқа ие болудың мүмкіндігі» екендігін атап өтті. Бағдарлама аясында қазақстандық университеттердің үздік тәжірибелері соның ішінде, «Күміс университет» жобасын жүзеге асыру тәжірибесі ұсынылды. 2022 жылдан бастап бұл жоба 50+ азаматтарына арналған кең ауқымды курстарды, атап айтқанда шетел тілдері, цифрлық сауаттылық, мәдениеттану, құқықтық білімдер, өнертану, сондай-ақ тренингтер мен шығармашылық студиялар және т.б. қамтуда.Форумның маңызды қорытындысы – AIUTA мен Қазақстанның бірқатар университеттері арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою болды. Олардың қатарында: Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Шәкәрім университеті, Торайғыров университеті және т.б.Күміс университеттер қозғалысы – жас ерекшелігін жаңа мүмкіндіктер уақыты, жаңа білім мен өзін-өзі жүзеге асыру кезеңі ретінде қабылдаудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға қосылған үлес.