Бүгін университетіміздің ректоры Н. О. Дулатбеков Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің теоретикалық және практикалық лингвистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жаңыл Нығызбайқызы Жүнісовамен кездесті.Ол мерейтойлық ғылыми еңбектер жинағы — «Айтылған сөз әсерінің құдіреті… мерейтойға арналған ғылыми еңбектер жинағы» — «Как слово наше отзовется» кітабын табыстады.Бұл кітап Ж. Н. Жүнісованың мерейтойына орай шығарылған. Оған отандық және шетелдік лингвист-ғалымдардың тіл білімі саласындағы өзекті бағыттар бойынша мақалалары, сондай-ақ естеліктер мен эсселер енген.Жинақ зерттеушілерге, оқытушыларға, студенттерге және Қазақстанда лингвистика ғылымының дамуына қызығушылық танытатын барша оқырманға арналған.Жаңыл Нығызбайқызы ұзақ жылдар бойы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінде дәріс берген. Сонымен қатар, «Филология» сериясы бойынша ҚарМУ хабаршысының ғылыми редакторы болған, 2003 жылдан бері редакциялық алқа мүшесі.Профессордың ғылыми қызығушылықтары: билингвалды лексикография теориясы, грамматикография, фразеография, типологиялық және салыстырмалы тіл білімі. Оның негізгі оқитын курстары: Контрастивті лингвистика негіздері, Екітілді лексикография теориясы, Орыс диалектологиясы, Орыс тіл білімінің өзекті мәселелері, ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы орыс тілі және т. б.Жаңыл Нығызбайқызы Польша, Германия, Венгрия, Болгария, Румыния, Ресей, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан елдерінде өткен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда ғылыми баяндамалар жасаған. 100-ден астам ғылыми жарияланымы бар.Оның еңбегі ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғысхаттары, марапаттарымен бағаланған. 2009 жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағына ие болған.