ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ЖАЙЛЫ ОРТА – ЖАСТАРҒА ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ

Республика күні қарсаңында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында №2, №5 және №6 студенттер үйіне 80 жаңа тоңазытқыш табысталды. Ректор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков университет ұжымын және студенттерді мерекемен құттықтап, жастардың жайлы өмір сүруі мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасау – оқу орнының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Біз әрдайым сіздерді ойлаймыз, қамқор болып, қолдау көрсетуге әзірміз. Бүгін баршаңызды көріп қуаныштымын. Әсіресе оқу ордамыздың табалдырығын алғаш аттаған шетелдік студенттерімізге Моңғолия, Ауғанстан, Түркіменстан, Қытай және Ресей елдерінен келген жастарға “Қош келдіңіздер!” деген ақжарма тілегімді білдіремін. Бірнеше ай бұрын сіздер еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің үлкен отбасына қосылдыңыздар. Баршаңызға сәттілік, толайым табыс және жаңа жетістіктер тілеймін! Үнемі алға ұмтылыңыздар, білім мен еңбектің биігін бағындырыңыздар», – деді ректор. Биыл университеттің төрт студенттер үйі орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. Бұл студенттердің қыс айларында жылы әрі жайлы жағдайда тұруына мүмкіндік береді. Университет алдағы уақытта да білім алушылардың тұрмысын жақсартып, қауіпсіз әрі қолайлы студенттік орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырмақ.