Бүгін Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде «Жоғары оқу орындарындағы білім алушылардың психологиялық-педагогикалық құзыреттілігі ұлттың менталды денсаулығын нығайтудың ресурсы ретінде» форумы өтті.
Басқосу Қазақстанның әр өңірінен келген ғалымдарды, оқытушыларды, психологтарды, жоғары оқу орындарының өкілдерін және студенттерді, сондай-ақ АҚШ, Өзбекстан және Ресей Федерациясының сарапшыларын біріктірді. Форум жұмысына қазіргі уақытта университетте тағылымдамадан өтіп жатқан Моңғолияның 24 оқытушысы да қатысты.
Іс-шара барысында студенттердің психологиялық әл-ауқаты, психологиялық құзыреттіліктерді дамыту, университеттік ортада қолдау көрсету, инклюзивті білім беру және цифрлық дәуірдің сын-қатерлері талқыланды.
Жастардың менталды денсаулығын сақтау, жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісінде пайдалану және студенттерге психологиялық қолдау көрсетудің тиімді тетіктері ерекше назарда болды.
Пленарлық отырыс пен секциялық жұмыстардан бөлек, қатысушылар университеттің ғылыми-зерттеу әлеуметтік-психологиялық зертханасының, білім беру қызметін психологиялық сүйемелдеу орталығының және басқа да тәжірибелік алаңдарының қызметімен танысты.
Форум спикерлеріне, қатысушыларына және серіктестеріне мазмұнды пікір алмасу, жаңа идеялар мен жоғары білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз!


