ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

БЕРЛИН УНИВЕРСИТЕТІМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Сарыарқа археологиялық институтының ғалымдары Берлин Еркін университетінің археозоологы Мартин Ризенбергпен халықаралық ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Мартин Ризенберг пен САИ археологтары Еуразия далаларында жылқыны көлік ретінде ерте қолданылуын зерттеуге арналған бірлескен ғылыми жобаны жүзеге асыруға дайындалуда. Зерттеуде негізгі назар жылқыны міну мен жегудің айырмашылықтарына, сондай-ақ осы екі негізгі көлік түріне байланысты хронологиялық және кеңістік динамикаға аударылады. Сонымен қатар ат көлігі саласындағы технологиялық жаңалықтардың уақыт өте келе өмір салтына, әсіресе адамдар мен жылқылардың денсаулығына қалай әсер еткені қарастырылмақ. Бұл үдерістің кеңістік динамикасын зерттеу үшін Еуразия далалық белдеуінің екі аймағы салыстырылып талданады: бірі – ықтимал орталық (Қазақстанның орталық бөлігі), екіншісі – кеңірек аймақтағы жылқыға қатысты инновациялардың шеткері аймағы (Карпат ойпаты). Хронологиялық шеңбер қола дәуірінен ерте орта ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. Негізгі назар мына үш кезеңге аударылады:1. Орта және кейінгі қола дәуірі;2. Ерте темір дәуірі;3. Ерте орта ғасыр. Зерттеудің негізгі элементі – жеке деректерді жинау (жасы, жынысы, дене бітімі, денсаулық жағдайы және т.б.). Алайда басты назар көлік қызметімен байланысты энтезиялық өзгерістерді қоса алғанда, қаңқа сүйектеріндегі патологиялық және субпатологиялық өзгерістерді зерттеуге бағытталады.