ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ

Астанада Ұлттық құрылтай секцияларының отырысы өтті. Басқосуға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Ұлттық құрылтай мүшелері қатысты. Жиын барысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ ғылым мен білім беру жүйесін дамытуға қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Құрылтай жұмысына академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры Н. О. Дулатбеков қатысып, жоғары оқу орындарындағы оқулық сапасы мен университеттердің академиялық автономиясына қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Ерекше назар «Білім және ғылым» секциясына аударылды. Бұл алаңда білім беру мазмұнын жаңғырту, ғылыми зерттеулерді қолдау және жоғары білім сапасын арттыру мәселелері қаралды. Ректор атап өткендей, қазақ бөлімдерінде пайдаланылатын оқулықтарға кешенді мониторинг жүргізіп, олардың бірыңғай «картасын» жасау және мазмұнын жүйелі түрде талдау аса маңызды. Секциялық отырыс қорытындысында Ұлттық құрылтай мүшелері Мемлекет басшысының білім мен ғылымды дамытуға бағытталған бастамаларын қолдап, саланы сапалық тұрғыдан жетілдіру жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.