УНИВЕРСИТЕТТІҢ ЕҢ КӨРКЕМ АРУЫ МЕН СЕРІ СҰЛТАНЫ АНЫҚТАЛДЫ
25 ақпан күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Студенттер сарайында көптен күткен «Университет аруы – Университет сұлтаны – 2026» байқауының шешуші, қорытынды кезеңі өтті. Қорытынды кезеңде қатысушылар өздерін өлең жолдарымен таныстырып, оқып жатқан мамандықтарының мәні мен маңызын жасанды интеллект көмегімен дайындалған бейне-визиткалар арқылы ұсынды. Әр бейнеролик — болашақ маманның көзқарасын, мақсатын және ел дамуына қосар үлесін көрсеткен мазмұнды таныстырылым болды. Таныстырудан кейін сахна нағыз өнер алаңына айналды. Қатысушылар әсем ән орындап, би билеп, сахналық қойылымдар ұсынып, түрлі жанрдағы шығармашылық нөмірлер арқылы өздерінің жан-жақтылығын дәлелдеді. Байқаудың әділ бағасын берген қазылар алқасы құрамында университет басшылығы мен өңірдің беделді тұлғалары болды. Атап айтсақ, облыстық мәслихат депутаты А.Ө. Оразбеков, Visit Qaraganda туристік ақпараттық орталығының басшысы Б.П. Бекмырзаев және Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің солисі Арайлым Жүкенова, Стратегиялық даму жөніндегі проректор Е.Ж. Сармурзин, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Н.А. Жетпісбаев, Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры С.М. Мүбәрак, Студенттер сарайының директоры И.А. Бекова. Байқау қорытындысы бойынша «Университет Сұлтаны» атағын Шетел тілдері факультетінің студенті Альфред Манатов, ал «Университет Аруы» атағын Физика-техникалық факультетінің студенті Шахназ Мәният жеңіп алды. Барлық үміткерлер өз қабілеті мен жетістігіне сәйкес аталымдармен марапатталып, қаржылай сыйақылар мен серіктестер ұсынған сертификаттарға ие болды. Жеңімпаздарды құттықтаймыз!Барлық қатысушыларға алдағы өмір жолында табыс пен биік белестер тілейміз!

