2025 жылдың 6 мамырында Қазақ елінің көрнекті ғалымы, академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығы мен көрнекті жазушы, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына орай АҚШ-тың астанасы Вашингтонда спорттық-мәдени іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді.Іс-шара аясында Вашингтон қаласы, Вирджиния және Мэриленд штаттарының жастары, сондай-ақ “Болашақ” халықаралық бағдарламасының стипендиаттарының қатысуымен ашық алаңда мини-футбол турнирі өтті. Бұл турнирге барлығы 30 адам қатысып, үш командаға бөлініп, айналмалы жүйе бойынша ойындар өткізілді. Нәтижесінде әр команда бір-бір жеңіске жетіп, 3 ұпайдан жинап, жарыс достық есеппен аяқталды.Турнир алдында академик Евней Бөкетовке арналған туындылар мен жазушы Мұхтар Мағауиннің еңбектерінен құралған шағын көрме ұйымдастырылды. Жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерге, кішкентай балаларымен келген отбасыларға арнайы дастархан жайылып, мерекелік көңіл күй сыйланды.Жарысқа қатысқан америкалық қазақ жастарының екі ұлы тұлға жайлы жақсы хабардар екендігі және олардың еңбектері мен ұлылығын сол жерде жүрген жергілікті Америка тұрғындарына ағылшын тілінде түсіндіріп жүргені ерекше атап өтуге тұрарлық.Тартысты спорттық ойын, ғылыми-танымдық әдебиеттер, дәмді тағамдар мен сусындарға толы дастархан, отбасымен келген жанкүйерлер, — барлығы осы шараны мағыналы етіп, қазақтың екі ұлы тұлғасына деген тағзымдық құрметті көрсете білді.Ерекше атап өтетін жайт – осы шараны ұйымдастыруға атсалысып, белсене қатысқан Үміт және Айғаным Мағауина апаларымыз үшін бұл шара зор әсер қалдырды. Абыз жазушының қос көзайымы «Мағауин Орталығы» атынан арнайы сыйлықтарын жарысқа қатысушыларға өз қолдарымен табыстап, «Ұлылардың дарыны бойларыңа дарысын» деген ақжарма тілектерін білдірді.Жалпы бұл шараны ұйымдастырып, сәтті өтуіне үлес қосқан Қазақ-Американ қауымдастығы мен оның төрағасы Дархан Дәменұлының еңбегін ерекше атап өтеміз. Ол өз сөзінде 2024 жылдың мамыр-маусым айларында Джордж Вашингтон университетіне келген Болашақ стипендиаттарының ұйымшылдығы мен ауызбіршілігін жоғары бағалап, осындай шараларды бірлесіп атқарып жатқандарына алғысын білдірді.Шара соңында турнирге белсене қатысқан ойыншылар мен ниеттес жанкүйерлерге Мұхтар Мағауиннің туындылары және Karaganda Buketov University брендтік өнімдері сыйға тартылды. Сондай-ақ естелік ретінде фототүсірілімдер жасалды.Футбол турниріне қатысқан америкалық қандас жастарымыз бұл бастамаға риза болып, мұндай турнирлерді болашақта жалғастырып, ірі жарыстарға айналдыруға ниетті екендерін жеткізді. Осылайша, “Ұлылардың аты өшпейді” деген ұлағатты ой бұл мерекелік шараның басты түйініне айналды.