19 желтоқсан күні академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Студенттер сарайында Шаттық әуесқой студенттік театры Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббаты» атты жаңа қойылымын көрермен назарына ұсынды. Қойылымның режиссері – Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма театрының әртісі Жандос Айдынұлы Шәкен. Университетіміздің талантты студенттері сахнада махаббаттың нәзік сезімдерін, адамның ішкі жан дүниесінің тереңдігін және тағдырдың тосын қырларын шебер бейнеледі. Мұхтар Мағауин – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, тарихшы әрі публицист. Оның шығармалары махаббат пен адамгершілік тақырыбын терең талдай отырып, өмірдің нәзік әрі күрделі сырларын ашуға бағытталған. «Әйел махаббаты» қойылымы – жазушының ой-толғауын сахна тілімен әсерлі жеткізудің жарқын үлгісі. Аталған қойылым студенттерге шығармашылық әлеуетін шыңдап, сахна арқылы сезім мен ойды дәл жеткізуге мүмкіндік берді.