Биология-география факультетінде түрлі мемлекеттерден шақырылған бес ғалымның қатысуымен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.Әлемнің бірнеше елінен келген танымал ғалымдардың бір алаңда бас қосуы факультеттің ғылыми келбетін айшықтап, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейін қалыптастырды.
1-30 қараша аралығында, Болгарияның атақты ботанигі, орман экожүйелері бойынша әлем мойындаған маман — профессор Александр Николов Ташев факультетте ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастады. 390-нан астам ғылыми жарияланымның авторы, Болгария Қызыл кітабының сарапшысы саналатын ғалымның тәжірибесі аймақтың өсімдік әлемін тануда жаңа бағыт ұсынуда.
Одан кейін зерттеулерге 13 қараша — 10 желтоқсан аралығында Польшадан келген су экожүйелерінің білгірі, биоалуантүрлілік пен микропластик мәселесін жан-жақты зерттеп жүрген профессор Ежи Адам Романовский қосылды. Оның 160-тан астам еңбегі экология ғылымындағы ең өзекті дереккөздердің бірі.
15 қараша — 12 желтоқсан аралығында Түркиядан келген биосистемалық инженерия мен экологиялық технология саласының танымал маманы — профессор Атылган Атылган факультет зертханаларында тұрақты ауыл шаруашылығы бағытында маңызды зерттеулер жүргізуде. 150-ден аса ғылыми еңбегі мен ондаған халықаралық жобадағы қатысуы — оның ғылыми біліктілігінің айғағы.
Ғылыми топтың аясын кеңейткен — Ресейден келген биология ғылымдарының кандидаты, мутагенез және генетикалық токсикология саласының тәжірибелі зерттеушісі Светлана Владимировна Смирнова. Оның биолюминесценттік тест-жүйелерге арналған жұмыстары факультеттің молекулалық зерттеулерін сапалық жаңа деңгейге көтеруде.
Ал 24 қараша — 6 желтоқсан күндері факультетке флора алуантүрлілігін зерттеу, өсімдіктердің инвазиялық таралуы жөніндегі беделді маман, Ресей Қызыл кітабының тең авторы Степан Александрович Сенатор келіп, бірлескен ғылыми жобаларға үлес қоса бастады.