ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

Болашақ педагогтерге арналған Upgrade-курс

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Қосымша білім беру факультеті мен Педагогика факультеті бірлесіп алғаш рет «Инклюзивті білім беру: педагогтерге арналған заманауи тәжірибелер» атты біліктілікті арттыруға арналған Upgrade-курсты ұйымдастырды. 2025 жылғы 19–24 мамыр аралығында педагогикалық бағыттағы бітіруші курс студенттерінен 186 адам білім алды.Бағдарламаның мақсаты – мектептерде, лицейлерде, колледждерде және басқа да білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру қағидаттарын жүзеге асыру үшін қажетті кәсіби құзыреттерді қалыптастыру.Курстың өзектілігі мемлекеттік білім беру стандарттарының заманауи талаптарымен, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін, оның ішінде мүгедектігі бар балаларға қолжетімді білім беру ортасын құруға бағытталған әлеуметтік міндетпен тығыз байланысты. Қазіргі заманғы педагог тек пәнді оқытушы ғана емес, сонымен қатар сыныпта теңдік пен инклюзия қағидаттарын жүзеге асыратын жетекші болуы тиіс.Курстың мақсаты – болашақ пән мұғалімдерін ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 15 желтоқсандағы №500 бұйрығымен бекітілген «Педагог» кәсіби стандартына сәйкес инклюзивті білім беруді жүзеге асыруға дайындау.Курсқа қатысушылардың пікірінше, бағдарлама олардың кәсіби дамуына маңызды қадам болды, заманауи инклюзивті қоғамдағы мұғалім рөлі туралы көзқарастарын кеңейтті және әрбір оқушымен тиімді жұмыс істеуге арналған практикалық құралдармен қамтамасыз етті. Курс тыңдаушыларына сертификаттар беріледі.