BUKETOV UNIVERSITY-ДЕ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде студент жастардың құқықтық танымын арттыруға бағытталған кездесу өтті. Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдерімен өткен басқосу заң мен жауапкершілік тақырыбын кеңінен қамтыды. Кездесу барысында қоғамды алаңдататын өзекті мәселелер — есірткі заттарының заңсыз айналымы, дропперлік әрекеттер мен алаяқтықтың сан түрлі тәсілдері ашық талқыланды. Онлайн форматта пікір алмасуға қосылған бас бостандығынан айырылған азаматтардың өмірден алынған шынайы әңгімелері жастарға ерекше ой салды. Олар бір сәттік қателіктің тұтас тағдырға қалай әсер ететінін өз бастарынан өткен оқиғалар арқылы баяндады. Студенттер тарапынан өзекті сұрақтар қойылып, ашық форматтағы пікір алмасу жастардың құқықтық білімін кеңейтуге ықпал етті. Басқосу қорытындысында университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Н.А. Жетпісбаев шараға атсалысқан Қылмыстық-атқару жүйесі органдарының өкілдеріне, заң ғылымдарының кандидаты, қылмыстық құқық, процесс және криминалистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Б.А. Аманжоловаға алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар онлайн форматта қатысқан сотталған азаматтарға да алғыс хаттар жолданатын болады. Ал белсенділік танытып, мазмұнды сұрақтар қойған студенттер Buketov University-дің имидждік сыйлықтарымен марапатталды. Аталған кездесу студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне ықпал етеді.
https://buketov.edu.kz/seminar/