КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР
2026 жылдың 2 ақпаныңда академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің конференц-залында университет басқармасының кезекті отырысы өтті. Жиынға басқарма мүшелері, факультет декандары мен әкімшілік құрылым басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі басты мәселе – Конституциялық реформа аясында енгізілген өзгерістер мен толықтырулар болды. Университет ректоры Н.О.Дулатбеков баяндамасында Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарына тоқталып, бұл реформаның ел дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.Ректордың айтуынша, 130 адамнан тұратын комиссия құрылып, Жаңа Конституция жобасы бойынша ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізілген. «Бұл – уақытпен санаспай атқарылған, жауапкершілігі жоғары әрі қызу талқылауларға толы үдеріс». Конституциялық жаңғыру қоғамның барлық саласына, соның ішінде білім мен ғылым жүйесіне де тікелей әсер ететіні баса айтылды.Жиын барысында университеттің негізгі даму бағыты – білім мен ғылым саласын ілгерілету мәселесі кеңінен қозғалды. Академиялық ортадағы басқару тиімділігі, ғылыми әлеуетті арттыру, университеттің алдағы даму жоспарлары мен ішкі тұрақтылық мәселелері Конституциялық реформамен байланыстыра қаралды.Сонымен қатар күн тәртібіне сәйкес бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, университеттегі тәуекелдерді басқару жүйесі, басқарма шешімдерінің орындалу барысы, 2026–2027 оқу жылындағы студенттер үйінің тұру құны, профессор-оқытушылар құрамына арналған оқу және ғылыми қызметтердің прейскуранты, университет баспасының ақылы қызметтері, сондай-ақ штаттық кестеге енгізілетін өзгерістер бойынша ұсыныстар баяндалды.Отырыс қорытындысында университеттің алдағы даму кезеңіне бағытталған бірқатар маңызды шешімдер қабылданып, білім мен ғылым саласындағы жаңғыру үдерісін жүйелі жалғастыру міндеті айқындалды.

