ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

"Мадихан Қалмаханов: Өнердегі 50 жылдық ізденістер мен жетістіктер"

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында 2024 жылғы 07 қарашада Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Өнер академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының магистрі, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы Мадихан Сейтмаханұлы Қалмахановтың мерейтойына арналған «Ізденістер, жолдар, шешімдер» атты жеке көрмесі ашылды. 2 қарашада Қалмаханов Мадихан Сейтмаханұлына 50 жасқа толды. Қалмаханов Мадихан Сейтмаханұлы 1997 жылы Қазақ Мемлекеттік өнер академиясын бітіргеннен кейін академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасына шақыртылды. Жұмыс барысында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі түрлі конкурстар мен шығармашылық көрмелердің 40-тан астам жүлдегерлерін дайындады. Қарағанды қаласы мен облыстың қосымша білім беру, көркемдік бағыттағы ұйымдармен тұрақты жұмыс жүргізеді, бірнеше рет қосымша білім беру педагогтары мен көркемсурет мектептерінің оқушылары арасында шығармашылық конкурстар мен олимпиадаларға сарапшы, қазылар алқасының мүшесі және қазылар алқасының төрағасы ретінде шақыртылған. Бірнеше рет кескіндеме бойынша шеберлік сыныптарын көрсетті. Халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі курстарда біліктілігін үнемі арттырып отырады. 1999 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. 2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасы өнер академиясының корреспондент-мүшесі. Кәсіби суретшілер арасындағы халықаралық, республикалық, облыстық көрмелер мен симпозиумдардың тұрақты қатысушысы. Алыс шет елдерде жеке көрмелер өткізді (Берлин, Кипр). 50-ден астам көрмелердің қатысушы. 400-ден астам өнер туындыларын жазған. Жұмыстары Ресей, Германия, Франция, Кипр, АҚШ, Израильдің жеке коллекцияларында сақталған. Суретшінің көрмесінде 77 туынды қойылған. Көрме облыстық бейнелеу өнері мұражайында 2024 жылдың 24 қарашасына дейін жалғасады (Бұқар жырау даңғылы, 76).