ҮЗДІК КУРАТОРЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
6 ақпан күні академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Студенттер сарайында «Үздік куратор» байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға университеттің Басқарма мүшелері – стратегиялық даму жөніндегі проректор Е.Ж. Сармурзин және академиялық мәселелер бойынша проректор М.М. Умуркулова, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Н.А. Жетпісбаев қатысып,кураторлардың кәсіби біліктілігін, студенттерге бағыт-бағдар берудегі жауапты әрі жанашыр еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, жастар тәрбиесіндегі кураторлар институтының маңызына тоқталып, марапат иелеріне жылы лебіздерін білдірді. Бір айға жуық уақытқа созылған байқауға 100-ге жуық өтініш түскен. Нәтижесінде ең белсенді, жаңашыл, шығармашылыққа бай және жауапты 30 куратор белсенді деп танылса, ерекше еңбегі, студенттік өмірге қосқан сүбелі үлесі мен кәсіби шеберлігі үшін 10 куратор «Үздік» атағына ие болды. Атап айтқанда, Шетел тілдері факультетінен Мақсат Жұмасатұлы мен Нұрлан Рахметоллаұлы Ермеков, Дене мәдениеті және спорт факультетінен Ардақ Жолдыбекұлы Күлейменов, Философия және психология факультетінен Айгүл Серікқызы Мусраунова, Филология факультетінен Меруерт Ғинаятқызы Назарова, Математика және ақпараттық технологиялар факультетінен Гаухар Шамугутқызы Ысқақова мен Баян Мұхамбетқызы Нұрланова, Химия факультетінен Жанаркүл Болсынбекқызы Сатпаева, Биология-география факультетінен Күлпаш Дәкенқызы Кенжина, сондай-ақ Педагогика факультетінен Әлфараби Алпысбайұлы Аблаев үздік куратор деп танылды. Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, сахна төрінде «Жарқын» халықтық би ансамблі, «Сарын» халықтық-фольклорлық ансамблі, «Ою» заманауи би студиясы және «Жастар» вокалдық студиясының әншісі Ақпейіл Анық өнер көрсетті. Ал кештің шарықтау сәтінде Бекарыс Жұмабекұлы Ахметолла жеке орындауымен көрермендерге жаңа әнін тарту етті. Марапат иелерін құттықтаймыз! Еңбектеріңіз еленіп, жетістіктеріңіз еселеніп, білім мен ғылым жолындағы игі істеріңіз жалғасын таба берсін!

