26 қыркүйек күні академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде ұлттың біртуар тұлғасы, ғалым, жазушы, аудармашы, публицист, академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдығына арналған «Е.А. Бөкетовтің ғылыми көкжиектері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Евней Арыстанұлы Бөкетовтің мерейтойы аясында жыл бойы ел ішінде және шетелде бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырылды. Солардың ішінде АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінде өткен «Бөкетов күні». Қарағандыдағы халықаралық конференция осы мерейтойлық іс-шаралар топтамасын қорытындылады. Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойы – университет аясында ғана емес, ұлттық ғылым мен руханият үшін де тарихи белес болып отыр. Осы күннің мәнін айшықтаған басты сәттердің бірі – ғалым есімін мәңгі жаңғыртатын қос бірдей құнды мұраның көпшілікке жол тартуы. Оның бірі – «Танымал оқиғалар мен тұлғалар» топтамасынан шыққан «E. BÓKETOV. 100 JYL» коллекциялық монетасы, екіншісі – қайраткердің өмір жолы мен еңбегін айғақтайтын көптомдық «Шығармалар жинағы».Университет ұжымын “Ұлттық” мәртебеге ие болуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы М.С Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е. Ж. Қошанов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Қарағанды облысының әкімі Е.Қ. Бөлекпаев және еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары құттықтады.Басқарма төрағасы – Ректор Н.О Дулатбеков өз сөзінде академиктің ғылым мен ел болашағындағы орнын айрықша атап өтті: «Евней Арыстанұлы Бөкетов – заманы өзгерсе де, асқақ идеясы мен адами қағидатынан айнымаған қайсар ғалым. Оның ғұмыры – өнеге, еңбегі – бағдар, мұрасы – келешекке шамшырақ», – деді ол.Ғалымның қызы, техника ғылымдарының докторы, профессор Ақсұлу Бөкетова ел Үкіметіне, облыс басшылығына және университет ұжымына алғысын білдіре отырып , «Бұл мерейтой – біздің әулет үшін ғана емес, барша ел ғылымы мен мәдениеті үшін де рухани тағзым, әкемнің ғылымға, білім мен мәдениетке арнаған ұлы еңбегін ұлықтау», – деп атап өтті. Ауқымды жиынға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыс әкімі, шетелдік және отандық ғалымдар, белгілі түлектер, мәдениет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Е.А. Бөкетовтің ұрпақтары қатысты.