ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

СТУДЕНТТІК ӨМІРГЕ БИЛЕТ

Бүгін Buketov University-дің бірінші курс студенттерін қарсы алу рәсімі — «Welcome to Buketov — 2025» атты думанды кеш өтті. Мерекеге университет басшылығы, факультет декандары, белсенді студенттер, Студенттік парламент депутаттары мен еріктілер қатысты.

Салтанатты жиында университет ректоры Н.О. Дулатбеков құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді:

«Құрметті студенттер! Бүгін сіздер академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің толыққанды мүшесіне айналып отырсыздар. Бұл – өмірлеріңіздегі маңызды әрі қуанышты сәт. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Университет қабырғасында сіздер кәсіби біліммен қатар өмірлік ұстаным, адамгершілік, жауапкершілік және рухани кемелдік жолын меңгересіздер. Сіздер – университеттің игі дәстүрлерін жалғастыратын, жаңа белестерге бағыт алған жас толқынсыздар.

Студенттік шақ – адамның өміріндегі ең жарқын, ең қызықты кезең. Бұл жол сіздерге жаңа достық, ұмытылмас әсерлер және үлкен армандарға жетелейтін сенімді мүмкіндік сыйласын. Ұжым атынан баршаңызға мықты денсаулық, сергек көңіл-күй және толағай табыс тілеймін. Ақ жол!»

Салтанатты рәсімнен кейін Факультеттер шеруі өтті. Бірінші курс студенттері өз факультеттерін таныстырып, шараға ерекше жарқындық пен мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Келесі сәт — студенттердің ант беру рәсімі. Олардың сөздерінде адал білім алу, ұстаздарды құрметтеу, қиындыққа мойымау, өздерін лайықты ұстау және университеттің абыройын биікке көтеру анттары көрініс тапты.

Мерекелік бағдарлама университеттің шығармашылық ұжымдарының өнерімен жалғасты. Сахнада «Jastar» вокал студиясының тың әуендері, «Zharqyn» және «Saryn» ансамбльдерінің халық билері мен күйлері , Жайдарман «Amazonka» өнер көрсетулері,«Alaman» тобы мен «Оyou Dance» заманауи би студиясының билері көрермендерді тәнтті етті. Кештің басты сәті — хедлайнер әнші Qanay өнер көрсетуі болды. Музыкалық бағдарлама Shyraqbek Seri, Almachinoo, Erkebulan, Symbat, Eskendir, Bekzhan, Moon-i және DJ Nice орындаулары арқылы жалғасты.

Мереке отшашу мен би кешімен аяқталды.

Биыл университетке 3500-ден астам жаңа студент қабылданып, жас буын қатары айтарлықтай толықты.