Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің тарих факультетінде академик Е. А. Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Е. А. Бөкетов феномені: Ғалым. Ұстаз. Тұлға» атты XII Республикалық жас зерттеушілер құрылтайының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға Дүниежүзі тарихы және халықаралық қатынастар, Археология, этнология және Отан тарихы, Қазақстан тарихы және ҚХА кафедраларының профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері мен «Жас Алаш» ғылыми-зерттеу клубы қатысты.
Бағдарлама аясында бірінші күні 10–11 сынып оқушыларына арналған «Алаш» республикалық олимпиадасының І кезеңі өткізілді. Қатысушылар Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, сондай-ақ «Алаш» қозғалысының мұрасын терең меңгеру бойынша тест тапсырмаларын орындады.
Сол күні құрылтай шеңберінде «Қазақстан тарихының өзекті мәселелері: тарихи жады және тұлғалар тағдыры» атты республикалық конференция ұйымдастырылып, тарих ғылымындағы жаңа бағыттар, тұлғатану мәселелері және тарихи жадыны сақтау тәжірибелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар тарих пәні мұғалімдеріне арналған «Тарихты оқытудың өзекті мәселелері» семинар-тренингі өтті. Қатысушылар сабақта заманауи әдістерді, көрнекілік құралдарын және аудиовизуалды материалдарды тиімді қолданудың оқушылардың саяси мәдениетін арттырудағы маңыздылығына назар аударды.
Екінші күні олимпиаданың қорытындысы жарияланып, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар салтанатты түрде марапатталды.
Сондай-ақ тарихи шындықты көз алдымызға әкелетін «Қарағанды облысы аумағындағы саяси қуғын-сүргін (1920–1930 жж.): естеліктер жинағы» атты кітаптың таныстырылымы және жас ғалымдарға арналған әдіснамалық семинар өткізілді.