МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ҚУАНЫШ СҰЛТАНОВ КЕЛДІ
Академик Евней Арыстанұлы Бөкетов есімі ұлықталып, түрлі шара өтуде. Мерейтой аясында 2025 жылдың 11 сәуірінде академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетіне Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов ат басын тіреді. Бір минут үнсіздіктен соң, академик Бөкетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қонағымыздан бөлек облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Әлденей, университет ректоры Нұрлан Дулатбеков, мемлекет және қоғам қайраткері Рымбала Омарбекова қатысты. Көп жылдар мемлекет дамуында үлес қосып, түрлі салада қызмет қылған Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов профессорлық-оқытушылық құрам, студенттер және БАҚ өкілдерімен кездесті. Университет ректоры Нұрлан Дулатбеков: «Қуаныш Сұлтанұлы Қарағандыға бөтен адам емес. Желтоқсан оқиғасынан кейінгі жылдары облыстағы әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге зор ықпал жасап, қызметін абыроймен атқарды. Сол кезеңдерде ұлт сөзін сөйлеп, руханиятын дамытып, халықтың еңсесін көтеру жолында қызмет етті», — деді. Сол бір жылдарды еске алған Қуаныш Сұлтанов Тәуелсіздіктің маңызы, ұлттық сана жайлы ой қозғады. — Өндірістік өлке Қарағандыда қызмет қылу мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Сол кездері біздің ортақ мүддемізге Қарағанды университеті, профессорлары мен оқытушылары, зиялы қауым өкілдері өте белсенді қатынасты, — деді Мемлекет және қоғам қайраткері. Академик Е.А.Бөкетов жайлы сөз қозғап, оның орасан еңбегін атап өтті. — Өкінішке орай, Евней Арыстанұлымен жүздесу бұйырмады. Алайда, қай жерге барсам да ол кісімен аралас-құралас, қызметтес болғандардың сөздері көңілімізге ұялап, әрқашанда естігіміз келіп жүретін. Осында қызмет атқарған жылдары университет ректоры Зейнолла Молдахметов болды. Бұл университет Одақтас мемлекеттер арасында алдыңғы қатардағы оқу орындарының бірі болды, — деді Қуаныш Сұлтанұлы. Студенттер көкейіндегі сұрақтарын қойып, мазмұнды жауап алды. Әсіресе, сол кездегі қазақ мектебін ашу қиындықтары мен тіл мәселесі жайлы айтылды. Кездесу соңында Қуаныш Сұлтанов «Қазақтың Қонаевы», «Отыз жылдың ой-толғауы» атты кітаптарын университет кітапханасына сыйға тартты. Университет ректоры қонағымызға сый-құрмет көрсетіп, Семей полигонының құрбаны, белгілі суретші Кәріпбек Күйіковтің туындысын табыстады.