2026 жылдың 20–24 сәуір аралығында Бөкетов ұлттық зерттеу университетіндегі The Education University of Hong Kong (EdUHK, Гонконг, Қытай) студенттері мен қызметкерлерінің халықаралық тағылымдамасы өтуде.
The Education University of Hong Kong Азиядағы жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің жоғары академиялық мәртебесі оның беделді халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерімен дәлелденеді: Times Higher Education (THE) World University Rankings рейтингінде – 195-орын, QS World University Rankings рейтингінде – 530-орын, Asian University Rankings рейтингінде – 152-орын, сондай-ақ Education & Training бағыты бойынша QS World University Rankings by Subject рейтингінде әлемде 7-орынға ие.
Білім беру бағдарламасына серіктес университеттен 14 студент және 4 қызметкер қатысуда.
Тағылымдама «Арнайы және инклюзивті білім беру: Қазақстан мен Гонконг арасындағы тәжірибе алмасу» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Шетелдік әріптестердің сапарының негізгі мақсаты – инклюзивті білім беруді ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін жан-жақты зерделеу.
Сапар барысында делегация үшін мазмұнды кәсіби және мәдени бағдарлама қарастырылған: университет басшылығымен кездесулер, педагогикалық факультет қызметімен егжей-тегжейлі танысу; профильдік оқу сабақтарына және арнайы және инклюзивті білім беру мәселелеріне арналған ғылыми-әдістемелік семинарға қатысу; Қарағанды қаласындағы мамандандырылған білім беру ұйымдарына таныстыру сапарлары, онда қонақтар қазақстандық мамандардың практикалық тәжірибесімен таныса алады.
Аталған тағылымдаманы жүзеге асыру Қазақстан мен Гонконг педагогтері арасында кәсіби тәжірибе алмасуға, арнайы және инклюзивті білім беру саласына заманауи білім беру тәжірибелерін енгізуге, сондай-ақ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен әлемнің жетекші педагогикалық жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Бұл сапар университеттің жаһандық білім беру кеңістігіне ықпалдасу және Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде инклюзивті мәдениетті дамыту бағытындағы дәйекті саясатын айқындайды.



