ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ӘЛЕМДІК БОКС АҢЫЗЫ – KARAGANDA BUKETOV UNIVERSITY-ДЕ

1 қыркүйектен бастап Karaganda Buketov University-де әлемге әйгілі кубалық боксшы Марио Сезар Кинделан дәріс беретін болады. Ол – екі дүркін Олимпиада чемпионы және үш мәрте әлем чемпионы атанған даңқты спортшы. Кинделанның есімі Кубадан тыс жерлерде де кеңінен танымал, ол жанкүйерлерге ұмытылмас жекпе-жектер сыйлап, әлемдік спорт тарихына енген тұлға.Кеше ғана әуежайда аңызға айналған боксшыны университет өкілдері мен еліміздің танымал спорт шеберлері қарсы алды. Олардың арасында Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев те болды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік тәжірибені тарту және әлемдік үздік тәжірибелерді еліміздің жоғары білім жүйесіне енгізу қажеттігі туралы бірнеше рет атап өткенін айтты. Бұл – білім сапасын арттыру, бәсекеге қабілеттілікті күшейту және заманауи талаптарға сай мамандар даярлау үшін аса маңызды.«Сондықтан менің туған альма-матерім осындай әйгілі спортшылар мен бапкерлерге есік ашып отырғанына өте қуаныштымын», – деді Серік Сәпиев.Марио Кинделан – кубалық және әлемдік әуесқой бокстың ең жарқын жұлдыздарының бірі. Ол өзінің ақылға құрылған жекпе-жек жүргізу мәнерімен, найзағай жылдамдығындай аяқ қозғалысымен және мызғымас қорғанысымен жанкүйерлер мен сарапшылардың құрметіне ие болды. Кинделан – техника, стратегия, қашықтықты бақылау және тек күшпен емес, ақылмен жеңу маңызды саналатын классикалық кубалық бокс мектебінің жарқын өкілі. Оның жекпе-жектері нағыз шеберлік сабақтарына айналып, тұтас бір буын спортшыларды шабыттандырды.Бүгінде аңызға айналған чемпион өз бай тәжірибесімен университеттің жас спортшыларымен бөлісіп жатыр. Сондай-ақ, университеттің үшінші миссиясы аясында ол ауыл-аймақтарға барып, мастер-кластар, жаттығулар және жастармен кездесулер өткізетін болады.Karaganda Buketov University – Геннадий Головкин, Серік Нұрқазов, Серік Елеуов, Бейбіт Есжанов, Аркадий Топаев, Абылайхан Жүсіпов сынды атақты боксшыларымен мақтана алатын оқу орны. Марио Кинделанның университетке келуі спорт мектебінің дамуына жаңа серпін беріп, дәстүрді нығайтып, студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.Студенттер мен оқушылар үшін бұл – бокс аңызымен бетпе-бет кездесіп, оның тәжірибесінен үйреніп, чемпионның энергиясымен қуат алуға берілген бірегей мүмкіндік.