МАҢЫЗДЫ БАСТАМАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ
Бүгін Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті.Құрылтай барысында ел дамуына қатысты бірқатар маңызды әрі өзекті мәселелер талқыланды. Солардың бірі – Президенттің Қазақстан еңбекқор азаматтар еліне, әділдік, заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекетке айналуы тиіс екені жөніндегі тұжырымды пікірі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде еліміздің халықаралық деңгейдегі беделі азаматтардың еңбегі мен жетістігі арқылы қалыптасатынын атап өтті. «Мемлекеттік Туымыздың танылуы – отандық спортшылардың жетістіктері, ғалымдардың еңбегі, кәсіпкерлердің табысы мен музыканттардың жеңістерімен тығыз байланысты. Бұл табыстар бүкіл елдің ортақ мақтанышына айналып, Қазақстанның әлемдегі абыройын арттырады», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар құрылтайда жасанды интеллект мәселесіне айрықша назар аударылды. Президенттің айтуынша, жасанды интеллект қалыптастырған жаңа шынайылыққа бейімделіп қана қоймай, оны жасау үдерісіне белсенді әрі мазмұнды түрде қатыса алған ұлттар ғана табысқа жетеді. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, елімізде Alem.ai экожүйесі негізінде, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестікте жасанды интеллект бағытталған жеке университет құрылуда. Бүгінде Қазақстанның 95 жоғары оқу орнында «Жасанды интеллект» пәні енгізілген. Ағымдағы жылы шамамен 100 мың студентті ЖИ саласы бойынша тереңдетілген курстармен қамту жоспарланып отыр. Ал AI SANA бағдарламасы аясында 2030 жылға дейін 1 миллион адамды ЖИ дағдыларына оқыту көзделген. Сонымен қатар педагогтердің біліктілігін арттыру үдерісіне де енгізілмек. Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков университетте заңгерлер мен сала мамандарының бірлесуі нәтижесінде жасанды интеллектке негізделген, тегін құқықтық кеңес көрсететін цифрлық платформаның жасалып, іске қосылғанын мәлімдеді. Бұл платформа — тек технологиялық жоба ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған маңызды құрал. Құқықтық көмекке қолжетімділік шектеулі жағдайда аталған жүйе «цифрлық теңгерім» рөлін атқарып, халыққа тәулік бойы құқықтық ақпарат алуға мүмкіндік береді.Атап айтқанда, шалғай ауылдар мен елді мекендерде тұрғындар өз құқықтарын жиі біле бермейді немесе оны қорғау тетіктерін меңгермеген. Бұл жер қатынастары, әлеуметтік жәрдемақылар мен еңбек құқықтары саласында түрлі заңбұзушылықтарға әкелуі мүмкін. Ал жасанды интеллектке негізделген платформа тәулік бойы базалық құқықтық кеңес ұсынып, осы олқылықтың орнын толтырады. «Құрылтай – маңызды мәселелерді талқылап, шешім қабылдаудың тиімді алаңы. Білім мен ғылым саласындағы көптеген бастамалардың нақты жүзеге асып жатқаны қуантады. Алдыңғы құрылтай отырыстарының қорытындылары ел дамуына бағытталған маңызды жобалардың іске асуына мүмкіндік берді», – деп түйіндеді университет ректоры.


