ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ BUKETOV UNIVERSITY-ДІҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

25 қарашада Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетіне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Ж. Ақылбаев атындағы технопарктің қызметімен танысып, оның ғылыми идеяларды тәжірибеден өткізіп, нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік беретін заманауи алаң екенін жоғары бағалады. Сенат Төрағасы алдымен «Жаңартылатын энергия көздері» зертханасына барып, жас ғалымдардың күн, жел және басқа да баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану бағытындағы озық жобаларын көрді. Сондай-ақ Химиялық мәселелерді зерттеу ғылыми институты мен сутегін өндіру және сақтау зертханасын аралап, аталған бағыттағы жаңашыл ғылыми ізденістерге ерекше назар аударды.

Университет ғалымдары 2025 жылға жоспарланған үздік ғылыми жобаларын ұсынды. Физика-техникалық, Химия, Биология-география және Заң факультеттерінің зерттеушілері жасанды интеллектіні пайдалана отырып әзірлеген экологиялық, қолданбалы және зерттеу бағытындағы жұмыстарын көрсетті.

Мәулен Әшімбаевтың ерекше назарын аударған жобалардың қатарында «Цифрлық трансформация жағдайындағы Қазақстан қоғамы: мүмкіндіктер мен тәуекелдер», «Жасанды интеллект көмегімен қатерлі ісіктердің предикторларын анықтау үшін оптикалық спектроскопиялық әдістерді дамыту» және «Жасанды интеллект арқылы Қазақстан тұрғындарына әділетті қолжетімділікті қамтамасыз етудің инновациялық тәсілдері» жобалары болды.

Технопарк студенттер, магистранттар және PhD докторанттары үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы болып отыр. Олар заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, зертханалық тәжірибеден өтіп, ғылыми жобаларын жүзеге асыруда. Бұл орта жас ғалымдардың кәсіби дамуына айтарлықтай үлес қосады.

Университет жанынан ашылған технопарк — өңірлік ғылым үшін тың серпіліс. Ол ғалымдар мен жас зерттеушілерге жаңа идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, инновациялық және қолданбалы жобалардың дамуына кең мүмкіндіктер ашуда.