2025 жылдың 11 желтоқсанында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде қазақ әдебиеті мен ұлттық руханиятқа өлшеусіз үлес қосқан ұлы қаламгер Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына арналған «Алаш руханиятының алдаспаны» атты ғылыми-танымдық семинар өтті. Іс-шара әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Нұржан Арғынұлы Жетпісбаевтің құттықтау сөзімен басталып, модераторлар Азамат Алдашұлы Дүйсембаев пен Елдос Ерғазыұлы Түйтенің шебер басшылығымен жалғасты.
Семинарға филология ғылымдарының мамандары, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер және жас зерттеушілер қатысты. Басқосудың есте қаларлық сәті – Мұхтар Мағауиннің ұлы, Едіге Мұхтарұлының арнайы қатысуы, ол әкесінің әдеби мұрасын, ұлттық мәдениетке қосқан рухани үлесін қатысушыларға тікелей жеткізді.
Серік Ақсұңқарұлы Мұхтар Мағауинмен жеке кездескен кездегі әсерлері мен қаламгердің шығармашылығы мен ұлттық руханияттағы рөлін ерекше атап өтті. Баяндамалар барысында қаламгердің шығармашылығының әр қыры ашылып, ұлттық сана, тарихи жады мен заманауи ойлаудың сабақтастығы жан-жақты талқыланды: «Ұлттық көркем ойдың алыбы» – Ербол Ердембекұлы Тілешов, «Мұхтар мұнарасы» – Жансая Жанғазыұлы Жарылғапов, «Ұлыларды ұлықтау ұрпақ парызы: Мағауиннің ақтық сапары мен 85 жылдығы» – Азамат Алдашұлы Дүйсембаев, «Мағауин және жастар» – Едіге Мұхтарұлы, «Мағауин феномені» – Ерлан Мұқатайұлы Әшім, «Мұхтар Мағауин – хандық дәуір әдебиетінің зерттеушісі» – Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл, «Сертіне берік қаламгер» – Ернат Мелісұлы Рахметолла. Сонымен қатар студенттер Дилара Мирамқұл мен Мағжан Құдайберген баяндамаларын ортаға салып, Нұрасыл Аманжол Мұхтар Мағауиннің рухына арнауын оқыды.
Іс-шара соңында қонақтарға университеттің имидждік сыйлықтар мен «Жастар әлемі» журналы ұсынылды, онда Мұхтар Мағауин туралы материалдар және Едіге Мұхтарұлының сұхбаты қамтылған. Сондай-ақ Едіге Мұхтарұлы баяндамашыларға Мұхтар Мағауиннің «Мен» деген роман дилогиясын сыйға тартты. Семинар кофе-брейк форматында пікір алмасумен, жылы әрі жемісті әңгімелермен аяқталды, қатысушылар қаламгердің рухани мұрасымен тереңірек танысып, жастарға үлгі болатын рухани тағылыммен тарқасты.