ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ ІРГЕТАСЫН ҚАЛАҒАН ТҰЛҒА

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде «Қазбек Сопыжанұлы Ашляев –Қазақстанның көрнекті мемлекет, спорт және қоғам қайраткері» атты конференция өтті.Қазбек Сопыжанұлы Ашляев – қазақ боксының іргетасын қалаған тұлға, КСРО, Қазақ КСР-інің және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 1962 жылы Қазбек Ашляев бокстан жасөспірімдер арасында Қазақ КСР-інің чемпионы әрі КСРО біріншілігінің жеңімпазы атанса, 1964 жылы ересектер арасында КСРО біріншілігінде топ жарып, Еуропа кубогін иеленді. Өз өмірін ел спортының өркендеуіне арнаған тұлға туризм және спорт министрінің орынбасары, сондай-ақ Білім министрлігіне қарасты дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Конференцияның басты мақсаты – жастарды отансүйгіштікке баулу, Қазбек Ашляевтың өнегелі өмірі мен рухани бай мұрасын насихаттау. Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков өз сөзінде Қазбек Сопыжанұлының есімі қазақ боксының қалыптасуы мен даму тарихымен тығыз байланысты екенін атап өтті:«Қазбек Ашляев боксты табандылық пен ерік-жігердің мектебіне айналдырды. Бүгінде Қарағанды бокс мектебінің дәстүрі жалғасып, әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшыларымыз аз емес. Олардың қатарында – университетіміздің мақтаныштары Геннадий Головкин, Абылайхан Жүсіпов, Талғат Сырымбетов және Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев бар. Біздің университет әрдайым ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың еңбегін дәріптеуге айрықша көңіл бөледі». Сонымен қатар, Нұрлан Орынбасарұлы конференцияның модераторы – заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы комитетінің мүшесі, қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленовтің ұлы Қасым Сырбайұлы Мәуленовке ерекше алғысын білдірді. Іс-шара барысында «Қазақстан боксының 85 жылдық тарихы» атты деректі фильм көрсетіліп, отандық спорттың өркендеу жолы мен даңқты жеңістерге толы кезеңдері көрсетілді. Қазақ боксының тарихы – бұл ұлт рухының, жігері мен қайсарлығының көрінісі.