ПРОФЕССОР ВИТАЛИЙ ХУТОРЯНСКИЙДІҢ БИОЛОГИЯ-ГЕОГРАФИЯ ФАКУЛЬТЕТІНДЕГІ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫ
2025 жылғы 4 маусым мен 2 шілде аралығында Биология-география факультетінде Ұлыбританияның Рединг университетінен келген профессор Виталий Викторович Хуторянский ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл іс-шара шетелдік ғалымдарды тарту жөніндегі республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын бағдарлама аясында жүзеге асырылуда.Профессор Хуторянский — полимерлер, наноматериалдар, фармацевтикалық ғылымдар және дәрі-дәрмектерді жеткізу жүйелері саласындағы беделді британдық химик-ғалым. Факультеттегі сапары барысында ол экотоксиканттар мен химиялық заттарды омыртқасыз жануарлар үлгісінде сынау әдістерін жетілдірумен айналысады. Бұл экожүйелерге зиянды заттардың әсерін бағалаудың тиімділігі мен дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.Виталий Викторовичтің ғылыми үлесі 13 000-нан астам ретке сілтеме жасалған 250-ден астам жарияланымды қамтиды, ал оның Хирш индексі — 56. Полимерлік химия, коллоидтық жүйелер және дәрілік заттарды жеткізу саласындағы маңызды жетістіктері үшін профессор көптеген халықаралық марапаттарға ие болған. Сонымен қатар, ол шетелдік бірқатар университеттердің құрметті профессоры және жас ғалымдарды даярлауға белсенді қатысып, ғылыми еңбектерді рецензиялаумен айналысады.Профессор В.В. Хуторянскийдің Биология-география факультетінде болуы — тәжірибе алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу және факультеттің ғылыми әлеуетін арттыру үшін бірегей мүмкіндік, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі болмақ.