ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ЖАҢАДАН КЕЛГЕН СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ШОЛУ ДӘРІСТЕРІ

29 қаңтар күні академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Студенттер сарайында басқа жоғары оқу орындарынан ауысып келген студенттерге арналған шолу дәрістері оқылды. Дәрістің басты мақсаты – білім алушыларды университеттің оқу үдерісімен, әлеуметтік қолдау жүйесімен, академиялық мүмкіндіктерімен және студенттерге көрсетілетін негізгі қызмет бағыттарымен таныстыру. Іс-шараның ашылуында әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Н.А. Жетпісбаев білім ордамызға ауысып келген студенттерге ізгі лебізін білдіріп, «Аудиториядан тыс өмір: әлеуметтік қолдау және жастар бастамалары» тақырыбындағы дәрісінде студенттік өмірдің мәні біліммен қатар қоғамдық белсенділікке, тұлғалық дамуға және әлеуметтік жауапкершілікке негізделетінін атап өтті. Академиялық жұмыс департаментінің директоры, Тіркеуші кеңсе, сондай-ақ Білім алушылар мен қызметкерлерге қызмет көрсету орталығының өкілдері оқу үдерісінің ұйымдастырылу тәртібі, академиялық талаптар мен көрсетілетін қызметтердің мазмұны жөнінде жан-жақты ақпараттар ұсынды. Университет кітапханасы білім мен ғылыми ізденістің басты орталығы ретінде студенттерге ақпараттық ресурстар, электрондық қорлар және зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған мүмкіндіктермен таныстырды. Академиялық ұтқырлық бағыты бойынша жауапты мамандар шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу, тәжірибе жинақтау және халықаралық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктеріне тоқталып, студенттерге жаһандық білім кеңістігіне жол ашатын бастамалардың маңызын түсіндірді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің басшылығы университеттегі адалдық, ашықтық пен әділдік қағидаттарына ерекше мән беріп, академиялық ортада парасаттылық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын жеткізді.