ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

РЕКТОРДЫҢ 2024–2025 ОҚУ ЖЫЛЫНА АРНАЛҒАН ЖЫЛДЫҚ ЕСЕБІ

Бүгін академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Студенттер сарайында 2024–2025 оқу жылына арналған Басқарма төрағасы – Ректордың жылдық есебі өтті. Бұл іс-шара университеттің өткен жылдағы жетістіктерін қорытындылап, дамудың негізгі бағыттары мен болашақ стратегияларын жариялайтын маңызды оқиға.

Кездесу барысында ректор университеттің барлық негізгі салалары бойынша есеп берді: академиялық қызмет пен кадрлық әлеует, ғылыми зерттеулер мен инновациялар, халықаралық ынтымақтастық, әлеуметтік қолдау және қаржылық-шаруашылық қызмет.

Өткен оқу жылы университет үшін табысты болды. Қарағанды ұлттық зерттеу университеті халықаралық рейтингтерде Қазақстанның ТОП-10 университетінің қатарына кіріп, ғаламдық ғылыми-зерттеу рейтингі бойынша да 10-шы орынға қол жеткізді. 2025 жылғы қабылдау нәтижесінде университетке 3500-ден астам студент қабылданды, «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 2722 адам оқу мүмкіндігіне ие болды, оқуын 639 студент сәтті аяқтады. Қазіргі таңда университетте 93 бакалавриат, 68 магистратура және 20 докторантура бағдарламасы жүзеге асырылуда, ал түлектердің еңбек нарығындағы жоғары сұранысы мен академиялық жетістіктері айрықша бағаланды.

Ғылыми зерттеулер мен инновациялық әлеуетке ерекше көңіл бөлініп, жасанды интеллект, аддитивтік технологиялар, қолданбалы механика және робототехника бағыттарында жаңа зертханалар ашылды. Сондай-ақ нанокомпозит материалдар мен диоксид титаны құрылымдарын зерттеу, фотокатализ, жаңа конструкциялы жел энергиясы құрылғылары бойынша жобалар іске асырылды. AI технологияларын енгізу бойынша «SANA» Трамплині іске қосылды. Университет «Trends in Physical Education and Sport», «Fundamental and Experimental Biology», «Buketov Business Review» жаңа ғылыми журналдарды жарыққа шығарып, зерттеушілік әлеуетті арттыруға айрықша үлес қосты.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында университет 31 елден 204 серіктес оқу орнымен байланыс орнатып, академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша 172 ішкі және 199 халықаралық студент тәжірибесі ұйымдастырылды. 107 шетелдік ғалым университеттің ғылыми жобаларына қатыстырылды.

Қаржылық және шаруашылық бағытында оқу ғимараттарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 500 орындық заманауи жатақхана құрылысы жалғасуда. Әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылып, кәсіподақ комитеті университет қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылық құрамға Қазақстан мен шетелдегі сауықтыру орындарына жолдамалар береді.

Кездесудің соңында үздік оқытушылар мен студенттер марапатталып, ректор студенттердің маңызды сұрақтарына жауап берді.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті өзінің ғылыми, академиялық және әлеуметтік әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, алдағы жылдарда одан әрі дамуға зор мүмкіндіктерге ие екенін көрсетті.