Студенттер үйінің аумағында жаңа спорттық алаңның салтанатты ашылуы өтті. Көпфункционалды жаңа орын футбол мен баскетбол ойындарын өткізуге, сондай-ақ түрлі спорттық шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Университет ректоры Н. О. Дулатбеков спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын оқу орнында жаңа спорт ареналары бой көтеруде: «Шараға көптеген қонақтар келді. Әсіресе Қытай Халық Республикасынан келген достарымызға және бір ай бойы университетімізде қызмет еткен Марио Кинделанға алғысымызды білдіреміз. Бүгін біз жаңа спорттық алаңды ашып отырмыз. Мұның барлығы – сіздер үшін, сіздердің денсаулықтарыңыз бен дамуларыңыз үшін. Бұл алаң әрқашан студенттерімізге қызмет етсін!» – деді ректор.Өз кезегінде Марио Кинделан университет ұжымына табыс тіледі: «Мен осы елге және осы университетке алғысымды білдіремін. Бүгін сіздердің қастарыңызда болу – мен үшін үлкен мәртебе. Рахметімнің белгісі ретінде әлем чемпионатында алған марапаттарымның бірін сыйға тартқым келеді. Оның ең лайықты орны – осы университет», – деді ол. Салтанатты рәсімнен кейін жаңа алаңда профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер мен студенттер арасында мини-футболдан жарыс өтті. Қонақтарға ыстық бауырсақ, дәмді палау және хош иісті шай ұсынылды.