Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетіне Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы мен жетекші ғылыми қызметкер Руслан Дуванбеков ресми іссапармен келді.
Құрметті қонақтар сапарын тарих факультетінде орналасқан академик Е.А. Бөкетовтің мемориалдық музейінен бастады. Экскурсияның қорытындысында музей директоры К. Тұрсынбаева Берік Әбдіғалиұлына Е.А. Бөкетов атындағы КСРО Жазушылар Одағының мүшелік билетін сыйға тартты. Ал Ұлттық музей өкілдері қонақтар кітабына құрметпен және ізгі ниетпен лебіздерін білдірді. Бұл сәт музей мен университет арасындағы мәдени байланыстың символына айналды.
Кездесу барысында профессор-оқытушылар құрамымен мазмұнды әрі рухани терең әңгіме өрбіді. Тараптар мәдени мұраны сақтау, археологиялық зерттеулерді жаңаша дамыту және ғылым мен тәжірибені тоғыстыратын бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады. Бұл кездесу Ұлттық музей мен Бөкетов университеті арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, келешектегі ірі ғылыми ізденістер мен мәдени бастамалардың негізі болмақ.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Ғ. Сақтағанова кездесуде өз еңбектері мен зерттеу бағыттарын таныстырып, алдағы ғылыми жоспарларымен бөлісті.
Басқосу университеттің бас ғимаратында жалғасып, тараптар арасындағы ынтымақтастықтың нақты бағыттары талқыланды: Берік Әбдіғалиұлы Ұлттық музейдің негізгі бастамаларына, соның ішінде ел тарихын ұлықтауға арналған «Ұлт қазынасы» жобасына тоқталды. Жоба аясында «Алтын Орда» дәуірінен қалған баға жетпес жәдігерлер халық назарына ұсынылмақ. Бұл бастамаға Бөкетов университетінің оқытушылары мен студенттері де атсалысады.
— «Қазіргі таңда ашық аспан астындағы музей құрылысы жүріп жатыр. Онда әр дәуірдің тұрмыс-тіршілігі, көне қалалар мен тарихи оқиғалар көрініс табады. Мұндай жобалар жастардың тарихи санасын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады», — деді Берік Әбдіғалиұлы.
Университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков Ұлттық музеймен бірлесе отырып ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер және бірлескен зерттеу жобаларын өткізуге дайын екенін жеткізді. Сапар аясында қонақтар Сарыарқа археологиялық институтының археология және этнография музейін аралап, өңірдің бай тарихи мұрасымен танысты.
Кездесудің түйінді сәті — ғылым, білім және мәдениет салаларындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат мәдени мұраны сақтау мен зерттеу бағытындағы бірлескен жобалардың бастауы болмақ.
Кездесу соңында Берік Әбдіғалиұлына университет атынан академик Е.А. Бөкетовтің бейнесі бейнеленген мерейтойлық монета, «Болмысы бөлек Бөкетов» және «Қазақстан кәрістері: мәдени-тарихи мұра жеке тарихта» атты кітаптар мен университеттің имидждік сыйлықтары табысталды. Ұлттық музей өкілдері өз тарапынан тарихи құндылығы жоғары «Ұлттық музей жинақтарындағы көне және ерте орта ғасырлар қару-жарағы» атты бірегей еңбекті сыйға тартты.