Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің археолог-ғалымдары Усманова Э.Р. мен Варфоломеев В.В. ежелгі иттердің пайда болуы мен олардың морфологиялық әртараптануына арналған кең ауқымды халықаралық жобаға қатысып, маңызды нәтижелерге қол жеткізді.
Зерттеу қорытындысы әлемдегі ең беделді ғылыми басылымдардың бірі — Science журналында «The Emergence and Diversification of Dog Morphology» деген атаумен жарық көрді (Q1, CiteScoreTracker 2025: 41,5).
Ит – морфологиялық жағынан жер бетіндегі ең өзгермелі жануарлардың бірі. Алайда осы алуан түрліліктің қай кезеңде басталғанын анықтау ғылымда бұрыннан талқыланып келе жатқан күрделі мәселелердің бірі. Бұған плейстоцен дәуірінен сақталған материалдың аздығы, археологиялық қалдықтардың толық сақталмауы және ерте иттерді қасқыр тұқымдастарынан морфология арқылы ажыратудың қиындықтары әсер еткен.
Халықаралық зерттеу тобы бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы 50 000 жылды қамтитын 643 бас сүйектің көлемі мен пішінін үшөлшемді геометриялық морфометрия әдісімен талдады. Талдау нәтижесі бойынша иттерге тән айқын морфологиялық ерекшеліктер шамамен 11 000 жыл бұрын қалыптаса бастағаны дәлелденді. Сонымен қатар ерте голоцен кезеңінің өзінде-ақ иттердің фенотиптік әртүрлілігі едәуір жоғары болғаны анықталды.
Бұл ғылыми тұжырым иттердің қазіргі заманғы тұқымдарының қалыптасуына әсер еткен жасанды селекциядан әлдеқайда бұрын морфологиялық өзгерістер басталғанын көрсетті. Яғни, үй иттерінің алуан түрлі пішіні мен сипаттары — терең тарихи процестердің нәтижесі.
Дереккөз: Science журналы.
Ссылка: https://www.science.org/doi/10.1126/science.adt0995...