Бүгін Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде қуанышқа толы ерекше басқосу өтті. Философия және психология факультетінің 4 курс студенті Мирас Құрақбай Аджман қаласында (БАӘ) өткен армрестлингтен Азия кубогында топ жарып, халықаралық деңгейдегі чемпион атанды.
Іс-шара барысында жас спортшыны академиялық мәселелер бойынша проректор М.М. Умуркулова, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі Н.А. Жетпісбаев, ректор аппаратының басшысы Г.М. Байғожина, философия және психология факультетінің деканы А.Д. Мақатова, профессор-оқытушылар мен студенттер ұжымы құттықтап, оның табандылығы мен жеңіс жолындағы еңбегін жоғары бағалады.
Армрестлинг – күш пен сабырды, ерік пен төзімді бірдей талап ететін спорт түрі. Мирас осы қасиеттерді бойына сіңіріп, спорттық тәртіпті өмір салтына айналдырған жас.
Оның айтуынша:
«Жеңіс жолы – өзіңе деген талаптан басталады».
Бұл сөз оның бүгінгі жетістігінің негізгі дәлелі іспетті.
Университет ұжымы Мирастың жеңісіне шын жүректен қуанып, оның алдағы уақытта да талай биік шыңдарды бағындыратынына сенім білдіреді.
Құтты болсын, Мирас! Жарығың сөнбесін, жеңісің көбейсін!