ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

СҮЙІНШІ ЖАҢАЛЫҚ!

Қазақстан Республикасы Премьер-
Министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның 11.06.2026 жылғы #288-НҚ Бұйрығымен, Университет басшылығының қолдауы арқасында академик Бөкетов ұлттық зерттеу университеті Студенттер сарайының «Шаттық» әуесқой студенттік театры шығармашылық жетістіктері мен өнерді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Халықтық» атағына ие болды. Осы мәртебелі атаққа қол жеткізген ұжым енді ресми түрде «Шаттық» халықтық студенттік театры деп аталады.
Бұл – театр ұжымының табанды еңбегінің, үздіксіз шығармашылық ізденісінің және өнерге деген шынайы адалдығының жемісі. Театр мүшелерін, жетекшілері А.С. Жұмамұратов пен Ж.А. Шакенді және осы жетістікке үлес қосқан барша жанды құттықтаймыз!
Университет ректоры Н.О. Дулатбеков құттықтау сөз сөйлеп:
«Біз театрды жан-жақты дамытуды жалғастырамыз. Алдағы уақытта жаңа қойылымдар сахналанып, тың жобалар жүзеге асырылады. Республикалық театрлармен ынтымақтастық байланыстар нығайтылып, бірлескен шығармашылық бастамалар қолға алынады. Сонымен қатар студенттік хордың жұмысын қайта жандандырып, оның шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл ұжымның да биік белестерді бағындырып, көпшілік мойындауына ие болатын күні алыс емес деп сенеміз. Өнердің өрісі кеңейіп, шығармашылықтың шамшырағы сөнбесін!» деп ізгі тілегін арнады.
«Шаттық» халықтық студенттік театрының шығармашылық ғұмыры ұзақ болып, алар асуы биік, жетер жетістігі мол болсын! Университетіміздің мерейі үстем болып, абыройы арта берсін!
Құтты болсын!