ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

ДОСТЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ

Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі 21 қазан 2025 жылы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде көрнекті қырғыз жазушысы, әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов атындағы аудиторияның ашылуына байланысты шынайы алғысын білдірді. «Бұл іс-шара Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге және ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа жеткізуге қосылған маңызды үлес. Қырғыз Республикасының елшілігі университет басшылығының Шыңғыс Айтматов шығармашылығын зерттеуге арналған арнайы материалдық-техникалық базаны құрып, еңбектерін талдау, диплом және магистрлік жұмыстарды алдын ала қорғауды ұйымдастыру, ғылыми зерттеулерді талқылау және дөңгелек үстелдер өткізу сияқты бастамаларын жоғары бағалайды. Сонымен қатар, 2024 жылы Қырғыз-Түрік «Манас» университеті мен Бөкетов университеті арасында қол қойылған ынтымақтастық Меморандумын жүзеге асыру аясында бірлескен жобаларды дамытуға дайын екенімізді растаймыз. Екі халық арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған ортақ күш-жігердің жемісті боларына сенімдімін», — делінген хатта.