2025 жылдың 4 қарашасында академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің делегациясы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында орналасқан Korea Foundation ұйымында «Қазақстан корейлерінің тарихи-мәдени мұрасы» атты ғылыми монографияның тұсаукесері өтті.
Бұл іс-шара Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған ірі бастама. Кездесу барысында жоба авторлары көпжылдық зерттеу нәтижелерін таныстырып, Қазақстандағы корей диаспорасының елдің қоғамдық және мәдени дамуына қосқан үлесін жан-жақты талқылады.
Аталған монография университеттің № 25-ВГ-25 ішкі ғылыми гранты аясында жүзеге асқан «The Cultural and Historical Heritage of the Korean Diaspora in Kazakhstan through Personal Stories» атты зерттеу жобасының жарқын нәтижесі. Еңбекте Қазақстан корейлерінің жеке өмір тарихтары, архивтік материалдары мен отбасылық естеліктері арқылы олардың тарихи жадын сақтау, мәдени бірегейлігін қорғау және ұлттық мұраға қосқан үлесі ғылыми тұрғыда сараланған.
Шараға қатысушылар бұл еңбектің мәдени диалогты кеңейтуге, гуманитарлық құндылықтарды дәріптеуге және екі ел арасындағы академиялық ынтымақтастықты тереңдетуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
Korea Foundation қабырғасында өткен тұсаукесер Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің корейлік ғылыми және білім беру орталықтарымен бірлескен жобалар мен зерттеулерді дамытуына жол ашады.

