БӨКЕТОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖАҢА ӘРІПТЕСТІК БЕКІТІЛДІ
26 қаңтар күні академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Студенттер сарайында Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» басшысы Ернар Бектаев Нұралыұлы бастаған арнайы делегациямен кездесу өтті.Басқосу «Серпін–2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, жастар саясатын тиімді жүзеге асыру, өңіраралық әріптестікті нығайту және білім алушыларға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталды .Салтанатты жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» басшысы Ернар Нұралыұлы Бектаев бастаған арнайы делегация, университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.Жиын барысында Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Нұржан Арғынұлы Жетпісбаев сөз сөйлеп, өңіраралық ынтымақтастықтың жастарды қолдаудағы маңызына тоқталды.«Республика бойынша «Серпін» бағдарламасымен ең көп студент білім алып жатқан жоғары оқу орындарының бірі – Бөкетов университеті. Серпіндіктер оқу ордамыздың академиялық және әлеуметтік дамуына серпін беріп отырған негізгі қозғаушы күш. Оларды жан-жақты қолдау мақсатында әлеуметтік, ғылыми және академиялық бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді». Маркетинг және рекрутинг басқармасының басшысы Азамат Дүйсембаев университеттің қалыптасу жолы мен негізгі жетістіктеріне тоқталып, презентациялық баяндама арқылы жан-жақты ақпарат берді.Сонымен қатар «Серпін» бағдарламасы бойынша Бөкетов университетінде білім алып жатқан студенттің бір күндік өмірін көрсететін арнайы бейнематериал ұсынылып, университеттің белсенді студенттерінен құралған ұйым мүшелері концерттік бағдарлама ұсынды. Кездесудің ресми бөлімінде Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Қол қою рәсімінен кейін Бөкетов университетінің Басқарма мүшесі – стратегиялық даму жөніндегі проректор Ербол Жаңбырбайұлы Сармурзин сөз сөйлеп, Түркістан өңірінен келген студенттерге көрсетіліп отырған жанашырлық пен жауапкершіліктің маңызын атап өтті.«Бүгін Түркістаннан арнайы келген аға буын өкілдерінің басты мақсаты – студенттердің қалай білім алып жатқанын, қандай жағдайда оқып жүргенін көзбен көріп, олардың жағдайынан хабар алу. Артыңнан іздеп, тілеулес болып жүрген жандардың бар болуы – үлкен бақыт», – деді ол.Жиын қорытындысында қонақтарға «Біртуар Бөкетов» кітабы мен университеттің имидждік сыйлықтары табысталды.

