ВЕРСИЯ ДЛЯ СЛАБОВИДЯЩИХ

РУХАНИ-МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НЫҒАЙТУ

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде жаңадан құрылған «Елтану» орталығының тұжырымдамасы мен жұмыс жоспарына арналған ойталқы форматындағы кеңейтілген жиын өтті.

Жиында университет ректоры Н. О. Дулатбеков қараша айында Бөкетов университеті мен Қазақстан халқы Ассамблеясы арасында Астана қаласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын айтты.

«Елтану» жобасы — Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани-мәдени құндылықтарды нығайтуға, тарихи жадты сақтап, этносаралық келісімді дамытуға бағытталған маңызды әрі ауқымды бастама. Бұл жоба ғасырлар бойы қалыптасқан алуан түрлі мәдениеттердің бай мұрасын бағалауға, «Әралуандықтағы бірлік» қағидатын кеңінен насихаттауға, сондай-ақ заңдылықты, өзара сенімді және ұлттық бірлікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді», — деді ректор.

Кездесуде «Елтану» ҒЗИ директоры Ж.Ә. Жұмабеков пен философия және психология факультетінің деканы А. Д. Мақатова орталықтың негізгі бағыттарын таныстырды. Олар жобада философиялық, тарихи, құқықтық, социологиялық, антропологиялық, мәдениеттанулық, психологиялық, филологиялық және саясаттанулық талдау құралдары кешенді түрде қолданылатынын жеткізді.

Сонымен қатар жуырда жарық көрген «Қазақстан корейлерінің мәдени-тарихи мұрасы: жеке тарихта» атты монография авторлары — жоба жетекшісі Ә. Ж. Мырзахметова, ғылыми қызметкер И. Д. Хлебников және баспасөз қызметінің жетекшісі С. Г. Могай кітапқа қатысты зерттеу жұмыстары жөнінде кеңінен баяндады. Олар архивтік деректерді жинау, репрессия жылдарын бастан өткерген тұлғаларды және олардың ұрпақтарын іздестіру барысында атқарылған ауқымды жұмыстармен бөлісті.

Кеңеске қатысқан профессор-оқытушылық құрам «Елтану» орталығының болашақ қызметіне қатысты өз пікірін білдіріп, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сарапшылардың айтуынша, орталық жұмысы үш негізгі бағытты — өткенді зерделеу, қазіргі ахуалды саралау және болашаққа бағдар ұсыну бағытын қамтуы тиіс.Жиынды қорытындылаған ректор Н. О. Дулатбеков:

«Біз — ғылым адамымыз. Өткеннің сабақтарын жастарға дөп жеткізу үшін тарихты терең зерттеуіміз керек. Қазіргі таңда жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр», — деді.

Тарихты жан-жақты зерделеу жас буынға өз тамырын танып-білуге, мәдени мұрасын бағалауға, ұлттық болмысын терең ұғынуға, сондай-ақ тұлғалық және азаматтық қасиеттерін қалыптастыруға айтарлықтай ықпал ететіні жиында ерекше назарға алынды.